8 (7172) 55-14-74 г.Нур-Султан Достык 13

БЖЗҚ-ның барлық салымшыларына инвестициялық табыс есептелетінін білемін. Карантиннің оған әсері қандай болды?

 

  1. БЖЗҚ-ның барлық салымшыларына инвестициялық табыс есептелетінін білемін. Карантиннің оған әсері қандай болды?

Кәсіпорындардың көпшілігі карантинге қарамастан жұмысын жалғастыруда, кейбіреулері  қашықтықтан жұмыс істеу режимін жүзеге асырып, тиісінше, салымшылардың жеке зейнетақы шоттарын толықтыру жалғасуда. БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының сомасы қазіргі уақытта 12 триллион теңгеге жуықтады. Оған зейнетақы жарналары мен түскен қаражатты инвестициялаудан алынған инвестициялық табыс кіреді.

Жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) түсетін, есебін БЖЗҚ жүргізетін зейнетақы жарналарын зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқарушы – ҚР Ұлттық Банкі түрлі қаржы құралдарына инвестициялайды.

Тәуекелдерді азайту мақсатында инвестициялық портфель инвестициялау түрлері, бағыттары, оның ішінде валюталар бойынша әртараптандырылады. Қазіргі уақытта инвестициялардың шамамен 2/3 бөлігі теңгемен және  1/3 шетел валютасымен, соңғысының басым бөлігі АҚШ долларымен номиналданған.

Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижелеріне сәйкес күн сайын қайта есептеліп, қайта бағаланып отырады.

Инвестициялық табыстың құрамына бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау, валюталық қайта бағалаудан түскен табыстар, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер және

т. б. кіреді.

Инвестициялық табыс – тұрақсыз шама және ол қысқа мерзім ішінде оң немесе теріс болуы мүмкін.

Мысал үшін салымшылар мен алушылардың шоттарына 2020 жылы есептелген инвестициялық табысты қарастыруға болады.

Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында, яғни 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 шілдесіне дейінгі уақыт ішінде салымшылар мен алушылардың шоттарына 543,3 млрд теңге мөлшерінде таза инвестициялық табыс есептелді.

Қаңтар айында таза инвестициялық табыс +28,15 млрд теңгені, ақпан айында +111,7 млрд теңгені, наурыз айында +521,8 млрд теңгені, сәуір айында – 125,6 млрд теңгені, мамыр айында 36,8 млрд теңгені, маусымда +44,05 млрд теңгені құрады.

2020 жылдың наурызынан бастап зейнетақы активтерінің инвестициялық табыстылығына теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы әсерін тигізді.

Наурыз-маусым аралығында АҚШ долларының теңгеге қатысты бағамы 1 АҚШ доллары үшін 381 теңгеден 403 теңгеге дейін өсті. Валюталық құралдарға орналастырылған зейнетақы активтерін оң валюталық қайта бағалау зейнетақы активтері бойынша таза инвестициялық табыстың елеулі өсуіне әсер етті.

Зейнетақы жинақтары – бұл ұзақ мерзімді инвестициялар және инвестициялық табыс мөлшерін кем дегенде 1 (бір) жыл кезеңде талдаған дұрыс екендігіне назар аударамыз. Қысқа мерзімді деректер (күн сайынғы, ай сайынғы және т. б.) көрсеткіш бола алмайды, олар күнделікті нарықтық жағдайға тәуелді.

2013 жылдың қыркүйек айынан бастап 2020 жылдың мамыр айына дейін зейнетақы активтерін басқару кезеңінде Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық табыс зейнетақы жинақтарының жалпы көлемінің 30%  астамын немесе 3,8 трлн теңгені құрады.

Инвестициялық басқару және зейнетақы активтерін есепке алудың барлық жүйесі айқын. Әрбір салымшы өзінің инвестициялық табысын enpf.kz сайтындағы немесе ұялы қосымшадағы жеке кабинеті арқылы бақылай алады. Олар БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және БЖЗҚ зейнетақы активтері орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат алу мүмкіндігіне ие.

Бұл ақпарат БЖЗҚ-ның ресми сайтындағы (www.enpf.kz) «Көрсеткіштер/Инвестициялық қызмет» бөлімінде жарияланып отырады.

 

  1. Мен еліміздің көп азаматтары сияқты жұмыссыз қалдым. Тиісінше, алимент төлеуге мүмкіндігім жоқ. Бұрынғы әйелім менің қарызымды зейнетақы жинақтарым есебінен сот арқылы өтетіп алатынын айтып, қоқан-лоқы көрсетуде. Олай етуі мүмкін бе?  

Заңның 50-бабы 3-тармағына сәйкес салымшының (алушының), «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, кастодиан-банктің және инвестициялық портфельді басқарушының борыштары бойынша, оның ішінде аталған субъектілер таратылған және (немесе) банкрот болған жағдайларда міндетті зейнетақы жарналарына, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына, өсімпұлдарға, зейнетақы активтері мен зейнетақы жинақтарына тыйым салуға немесе өндіріп алуды қолдануға жол берілмейді.

Сонымен қатар «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 98-бабы 14-тармақшасына сәйкес, салымшының (алушының) борыштары бойынша зейнетақы жинақтарынан өндіріп алуға болмайды.

Жоғарыда көрсетілген нормативтік құқықтық актілердің ережелеріне сүйенетін болсақ, салымшының (алушының) БЖЗҚ-дағы міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарына тыйым салуға немесе өндіріп алуға жол берілмейді.

Салымшыларға (алушыларға) БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері салымшылар (алушылар) ұсынған банктік деректемелерге, тиісінше, БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын салымшылар (алушылар) ұсынған банктік деректемелерге аударғаннан кейін жүзеге асырылып, ақша олардың Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде ашылған банктік шоттарында болады. БЖЗҚ міндеттемесі салымшының (алушының) банктік деректемелеріне ақша аударылғаннан кейін орындалды деп есептеледі.

 

  1. Менің шағын Жеке Кәсіпкерлігім (ЖК) бар. Карантинге байланысты оның жұмысын тоқтата тұруға мәжбүр болдым. Тиісінше, осы кезең үшін салықты да төлей алмай отырмын. Бірақ зейнетақы жүйесіне қатысу өтілім тоқтамағанын қалаймын. Ол мүмкін бе?  

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 34-бабына сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды жүзеге асырады және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз  етеді.

Осы Заңның 4-бабына сәйкес Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін беру кезінде міндетті зейнетақы жарналары жүзеге асырылған кезең зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі ретінде есепке алынады.

«Салық салу мәселелері бойынша «Экономиканы одан әрі тұрақтандыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 16 наурыздағы №287 Жарлығын жүзеге асыру жөніндегі бұдан былайғы шаралар туралы» № 224 қаулыға сәйкес қызмет түрі бойынша 01.04.2020ж. бастап 01.10.2020ж. дейінгі кезеңде қызметкерлердің табыстарынан салықтар, жарналар мен аударымдардан босатуға жататын компаниялар анықталды. Осы жерде айта кеткен жөн, табысы болмаған кезеңде ЖК өз қызметкерлері үшін жарна аударуға құқылы, бірақ бұл олардың міндеті болып есептелмейді. Өз қызметкерлерінің табыстарынан алынатын міндетті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесіне «0» түзету коэффициенті қолданылған жағдайда қызметкерге жалақы одан міндетті зейнетақы жарналарын ұстамай аударылады (төленеді).

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 25 наурыздағы №109 бұйрығымен бекітілген «Төтенше жағдай кезеңінде әлеуметтік-еңбек саласында мемлекеттік қызметтер көрсетудің және халықтың жекелеген санаттарын азық-түлік және тұрмыстық жиынтығымен қамтамасыз ету қағидаларының» 24-5 тармағына сәйкес қызметі “0” коэффициенті қолданылатын қызмет түрлерінің тізбесінде көзделген адамдардың зейнетақы жүйесіне және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі, сондай-ақ табысы жұмыс берушінің анықтамалары негізінде ескеріледі.

Базалық және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақыны зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін ескере отырып есептеу мәселелері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы»  АҚ-қа хабарласуға кеңес береміз,  міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударылатын жарналар мен аударымдардың мөлшерлемесіне «0» түзету коэффициентін қолдануға қатысты мәселелер бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ-қа, ал салық төлеу бойынша сұрақтарыңыз болса – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне жүгінгеніңіз абзал.

  1. Карантин шаралары тоқтатылған соң Украина еліне барғымыз келеді, онда көмек пен күтімге зәру ерлі-зайыптылар, егде жастағы әке-шешеміз тұрады. Зейнетақы жинақтарын алу үшін не істеу қажет?

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (Заң) сәйкес Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрғылықты тұратын жерге (ТТЖ) кетуге байланысты БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алу құқығына Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрғылықты тұратын жерге кеткен, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген кету дерегін растайтын құжаттарды ұсынған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар ие. Баса назар аударатын жәйт – басқа мемлекеттің азаматтығын алмас бұрын міндетті түрде заңнамамен белгіленген тәртіпте ҚР шегінен тыс ТТЖ-ға кету құжаттарын ресімдеп, тек өзге мемлекеттің азаматтығын алғаннан кейін ғана БЖЗҚ-ға құжаттар тапсыру керек.

Заңның 33-бабының ережелеріне сәйкес ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алу құқығына Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрғылықты тұратын жерге кететін немесе кеткен, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген кету ниетін немесе кету дерегін растайтын құжаттарды ұсынған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар ие.

Осылайша шетел азаматы немесе азаматтығы жоқ тұлға ҚР заңнамасы талаптарына сәйкес құжаттар топтамасын толықтай ұсынғаннан кейін БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын төлеуді БЖЗҚ-ға құжаттар қабылданған не келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

Толық ақпарат enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» – «Алушыларға» – «ҚР шегінен тыс кетуге байланысты зейнетақы төлемдерін ресімдеу тәртібі» бөлімінде орналастырылған.

  1. Менің әкем 2 топтағы мүгедек және жақында ол кісі 63 жасқа толады. Төлемдерді, соның ішінде БЖЗҚ-дан төлемдерді ресімдеу үшін қалай және қайда жүгінуге болады? 

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығы белгілі бір жағдайларда, соның ішінде зейнет жасына (ерлер 63 жаста) толған, сондай-ақ мерзімсіз уақытқа 1 және 2 топ мүгедектігі тағайындалған кезде туындайды.

Егер сіздің әкеңіз БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін зейнеткерлік жасқа толуына байланысты ресімдейтін болса, оған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына ХҚО арқылы өтінішпен жүгіну қажет. Осы өтініші бойынша ол кісіге зейнетақы жинақтарынан төлемдер де, мемлекеттік бюджеттен берілетін (базалық және ортақ) зейнетақы да тағайындалады. ХҚО-ға 63 жасқа толғанға дейін 10 күн бұрын хабарласуға болады.

Егер  әкеңіздің мүгедектігі мерзімсіз уақытқа тағайындалса және  зейнетақы төлемдерін алуға байланысты өтінішті зейнеткерлік жасқа толғанға дейін беруді көздесеңіз, онда  мұны enpf.kz  сайтындағы «Электрондық қызметтер» – «Зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру» бөліміне кіру арқылы жүзеге асыруға болады.