8 (7172) 55-14-74 г.Нур-Султан Достык 13

Кепілдендірілген әлеуметтік көмек Әлеуметтік қызметтер порталында ұсынылатын болады

Қазақстанда кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету (бұдан әрі – әлеуметтік топтама) 2021 жылдан бастап Әлеуметтік қызметтер порталына (бұдан әрі – Портал) ауыстырылды. Осы жылдың қазан айынан бастап барлық аймақтарда Портал арқылы әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету іс-қимылы пилоттық режимде қолға алынды. Осылайша, 3,5 мыңға жуық азамат жыл соңына дейін қызметті проактивті түрде ала алады.

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов осы жылдың 1 желтоқсанына дейін қалалық және аудандық деңгейде жеткізушілерді Порталда аккредиттеу үшін комиссия құрылатынын хабарлады.

ҚР ЕХӘҚМ «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ қызметкерлері Порталда қызмет алушылармен және жеткізушілермен жұмыс істеу үшін қалалар мен облыстардың әлеуметтік қорғау орындарының мамандарын оқытып үлгерді.

Қазіргі уақытта қызмет алушыларды электронды-цифрлы қолтаңба кілттерімен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде. Жұмыспен қамту орталықтары болса, Порталмен қалай жұмыс жасау керектігін түсіндіреді.

Ағымдағы жылдың тәжірибесі мен тұрғындардың тілектерін ескере отырып, ҚР ЕХӘҚМ балаларға әлеуметтік топтаманы беру үдерісін жетілдірді. Осы жылдың қыркүйек айында азық-түлік себеттерінің құрамы мен көлеміне өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, азық-түлік жиынтығы сақтау мерзімін ұзарту үшін ультрапастерленген сүтпен толықтырылды. Қарақұмық жармасының маусымдық жетіспеушілігіне байланысты күріш түрінде балама нұсқа қарастырылды. Сондай-ақ, балаларға арналған жеміс-жидек пен көкөніс пюресі біріктіріліп, осылайша бала өзіне ұнаған өнімді таңдай алады.

Осы жылы, ҚР ЕХӘҚМ халықтың әлеуметтік осал санаттарына, соның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатын мектеп жасындағы балаларға қосымша көмек көрсеткенін атап өткіміз келеді.

Биылғы наурыз айынан бастап және төтенше жағдай мен карантиндік шектеу шараларының барлық кезеңінде, 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, азық-түлік жиынтықтарын сатып алу үшін ай сайынғы ақшалай төлем жүргізілді.

Наурыздан мамырға дейін және шілдеден тамызға дейінгі аралықта осы мақсаттарға 1 миллионнан астам адамға бюджеттен 25,6 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 200 мыңнан астам бала төлеммен қамтылды. Сонымен қатар, осы кезеңде, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған әлеуметтік топтама шеңберінде заттай көмек көрсету жалғасын тапты.